«Шәкәрім университеті» КеАҚ жанындағы «Shakarim High School» мектебінде дәстүрлі «Мектебім – мерейлі мекенім» алғашқы қоңырау салтанаты өтті.
Университеттің Акт залында ұйымдастырылған салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранымен ашылып, көк Туымыз желбіреп, әр жүрекке отансүйгіштік, мақтаныш сезімін ұялатты.
«Shakarim High School» мектебінің директоры Бақыт Сейтқалиқызы Сейтқалиева жиналған көпшілікті Білім күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, облысымызда ІТ саласын және тілдерді дамыту мақсатында үш жыл бұрын Шәкәрім университетінің жанынан «Shakarim High School» мектебі ашылған еді. 90 жылдық тарихы бар университет талай тарлан тұлға түлеп ұшқан алтын ұя саналады. Міне, бүгінде осы білім ордасының қанатының астындағы мектебіміз – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік деңгейде ойлайтын көптілді, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыруды басты мақсат етеді. Осы жолда ұстаздарымыз үлкен жауапкершілікпен, қажырлылықпен еңбек етіп келеді,- деді мектеп директоры.
Биылғы оқу жылы мектеп үшін ерекше жетістіктермен басталды. Өткен жылмен салыстырғанда оқушылар саны 18 пайызға артқан. 2024–2025 оқу жылында ҰБТ тапсырған 60 түлектің 43-і мемлекеттік білім грантына ие болып, үлкен жетістікке қол жеткізді. Сондай-ақ, 6 түлек – «Алтын белгі», 8 түлек «Үздік» аттестат иегері атанып, мектеп бітірген түлектеріміз отандық және шетелдік беделді жоғары оқу орындарының студенті атанды.
«Shakarim High School» ұжымы оқу-тәрбие ісінде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын негізге алып, жас ұрпақ бойына адамгершілік, әділеттілік, жауапкершілік сияқты асыл құндылықтарды сіңіруге ерекше мән беруде.
Жаңа оқу жылы жарқын жетістіктер мен тың бастамаларға толы болсын!