Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі09 тамыз 2025тұсаукесер, шәкәрім университеті, абай180, ғылыми конференция, адамзаттың абайы, абай әлемі

«Адамзаттың Абайы»: Руханият пен парасатты зерделеген халықаралық ғылыми басқосу

Шәкәрім университеті базасында ұлы гуманист, ақын және ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным»  Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді.

 

Аталған ғылыми жиынға заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің немересі, түркітанушы ғалым Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова, қазақ әдебиеті мен Абай шығармашылығын түрік тілінде насихаттауда орасан зор еңбек атқарып келе жатқан ғалым Нергиз Бирай, түркітанушы, арабтанушы ғалым Роберт Эрмерс (Нидерланды Корольдігі), отандық ғылымның беделді ғалымдары Арап Еспенбетов, Тұрсын Жұртбай, Кенжехан Матыжанов, Ербол Тлешов, Анар Мұратқызы Фазылжанова, Базарбек Атығай, Рахымғали Құл-Мұхамед және жас ғалымдар Әзімхан Исабек, Елдос Тоқтарбайдың қатысқанын атап өткен ләзім. 

Конференцияны салтанатты түрде ашқан Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков алдымен ғылыми жиынның мәртебелі қонақтарын таныстырып, ауқымды іс-шараға  Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов ұрпақтарының арнайы келіп, қатысып отырғаны  зор мақтаныш  екенін атап өтті.

 

Дала данышпанының мерейтойы – тарих пен тағылым тоғысқан ұлылықтың тойы екеніне маңыз берген Думан Рымғалиұлы:   «Абай тойы – бұл тек бір ақынның тойы емес, тұтас ұлттың, оның даналыққа толы ой-санасының, мәдениетінің, рухының көрінісі. Бұл – қазақ руханияты үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі мен жаһандық өркениет үшін елеулі тарихи белес. Өйткені Абай – өзінің терең ойымен, кемел парасатымен, адамзаттық құндылықтарды дәріптеген даналығымен әлемдік деңгейдегі кемеңгер ойшыл тұлға.

Бүгінгі конференциямыз – Абай мұрасын жаңа қырынан танып, оның рухани-адамгершілік, философиялық, ағартушылық мұраларын заманауи көзқараспен бағамдауға, ұлттық идеологияны нығайтуға, білім-ғылым және тәрбие жүйесінде тиімді қолдануға ой қосатын ғылыми алаң»- деді өз сөзінде.

 Бұдан соң конференцияның құрметті қонақтары: Абай облысының əкімі Берік Уəли, Қазақстан Республикасы Ғылым жəне жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, түркітанушы ғалым, Неймеген Радбауд университетінің профессоры Зифа-Алуа Əуезова және  Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтардың құттықтауларына кезек берілді.

 

Абай облысының əкімі Берік Уəли Абай мерейтойының биыл тұңғыш рет онкүндік ретінде аталып өтіп жатқанын атап өтті. «Бүгін, онкүндіктің тоғызыншы күнінде айтулы ғалымдар мен білікті мамандар жиналып, Абай ойының тереңіне ден қойып, сипаты мен сырына көңіл бөліп отыр.  Абайдың рухани мұрасын терең зерделеу, ақынның шығармашылығы мен ой-толғамдарын қазіргі заман тұрғысынан қайта пайымдау Абай үндеген ұлттық сананы қалыптастырудағы, білім мен тәрбиедегі, тұлға дамытудың мәдени-философиялық негізі ретіндегі орнын айқындау үшін аса маңызды»- деді аймақ басшысы.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде заманауи технологиялар мен рухани құндылықтардың үндестігіне ерекше назар аударды:

«Қазір технологияның, инновацияның, жасанды интеллектінің заманы. Шәкәрім университетінде  де AI-SANA жобасын іске қостық. Қазіргі уақытта жаппай студенттерді жасанды интеллект курстарына оқытып жатырмыз. Тұңғыш рет барлық контингетті жаппай осы курста оқытып, сертификат берген – дәл осы Шәкәрім университеті. Осы істегі бастамашылдығы мен жүйелі жұмысы үшін зор алғысымды білдіремін.

Алайда, біз қандай заманауи технологияларды дамытсақ та, түптеп келгенде, адамзатқа ең керегі — гуманизм, адамгершілік, сүйіспеншілік, кісілік пен ізгілік екенін айқын түсініп отырмыз. Ал бұл құндылықтардың қайнар көзі — Абай. Бұл – біздің ғана пікіріміз емес, оны бүкіл әлем мойындап отыр.

Сол себепті Мемлекет басшысының бастамасымен былтырдан бастап Абайдың «Толық адам» ілімін еліміздің барлық университеттеріне енгізіп жатырмыз. Себебі Абай мұрасы — тек абайтанушылар мен әдебиет зерттеушілерінің еншісіндегі дүние емес, бұл – әр қазақ баласының санасына сіңуі тиіс рухани бағдар, ұлттық тәрбие мен мәдени құндылықтың алтын арқауы. Осы жолда бірлесіп жұмыс істеу – бәріміздің ортақ міндетіміз»,- деді министр.

 

Келесі сәтте Думан Орынбеков конференцияның сүйінші жаңалығы – Абай шығармаларының үш томдық академиялық толық жинағының жарық көргені екенін айтып, жинақты даярлап, басып шығару секілді  күрделі де  жауапты шаруаның басы-қасында жүрген белгілі әдебиеттанушы ғалым, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановқа сөз кезегін ұсынды.  Кенжехан Матыжанов Абай шығармаларының бұл басылымын дайындау барысында текстологиялық тұрғыдан әзірге бір ізге түсе қоймаған  немесе әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелерге де назар аударылғанын атап өтті.

Сөйтіп, Абай шығармаларының үш томдық академиялық жинағының (М. Əуезов атындағы Əдебиет  жəне өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов)  және «Абай əлемі: аударма, тағылым, мұра» кітаптар топтамасының тұсаукесер рәсімі өткізіліп, оқырманға жол тартты. Топтамада:

Б. Атығай «Абайдың аударма мектебі»;

«Шейіт» (Шəкəрім туралы естеліктер мен жаңа деректер), құрастырушы: Б. Атығай;

 Даниял Ысқақов «Шығармалары», құрастырушы: Б. Атығай;

 Ахат Шаһкəрімұлы «Жалынға малған жүрегін» (өлеңдер мен естеліктер), құрастырушылар: А. Елгезек, М. Қарт, Ж. Əділбекқызы;

Ə. Медеуханұлы «Халиолла»;

 «Алдымда ақын Абай – Темірқазық», Қ. Мұхамедханов;

«Сана реформаторы», А. Салқынбай;

AR «Қарасөз» кітабы (Шəкəрім университеті «Абай жəне ұлттық руханият» ҒО-ның басшысы Ақмарал Смағұлова) бар.

 

Филология ғылымдарының докторы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Тұрсын Жұртбай «Шын жүрек – бір жүрек...» тақырыбындағы һашиясында: «Сарыла отырып санап шыққанымда, Абай өзінің шығармаларында «жүрек» деген сөзді 167 реттен аса қолданыпты. Ал, сол «жүректің» баламасы не ауыспалы мағынасы ретінде қолданылған көңіл, көңіл кірі, кірлі көңіл, күпті көңіл, бұла буын, ысынған кеуде, булыққан тұла бой, жан, тән, тағы да басқа телімдерді қоссақ, оның саны екі еселенбек. «Телміріп, терең ойдың соңына» түсіп,  тек «жүректің» өзін ғана Жүрек-Қалб философиялық жүйесінің ұғым-категориялары туралы оқымыстылардың арлы-берлі айтылған ойларымен салыстырып  қарағанымызда, бұл 167 жүректің 167 түрлі мағына мен көңіл-күй ауанын беретіне көзіміз анық жетті. Соны қысқаша һашия түрінде пайымдап, назарға ұсынуды мақұл санадық»- дей келіп, Абайдың әр түрлі сана арпалысы мен жанталасы тұсында адамның көңіл-күйінің, ақыл ауанының, жан қуатының Һал күйін бейнелеп жеткізген  жүрек ахуалына байланысты тіркестерін дәйек ретінде үш түрлі желіге жүйелей ұсынды. 

PhD, Памуккале университетінің (Түркия, Денизли) профессоры Бирай Нергиз

«Türkiye'deAbay Kunanbayuli üzerine yapilan çalişmalara bir bakiş» тақырыбында,  

филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Ғылым жəне жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешов «Абайдың интуитивті танымы»;

филология ғылымдарының кандидаты, доцент,  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова «Абайдың Қара сөздеріне квантитативті жəне квалитативті лингвостатистикалық зерттеу»;

PhD, профессор, түркітанушы, арабтанушы ғалым Эрмерс Роберт (Нидерланды        

Корольдігі) Абайдың Қара сөздерінің голланд тіліне аударма тəжірибесі туралы баяндамасын ұсынды.

Ал алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай «Абай поэзиясындағы «Оян» тақырыбы: мотив және индекс компоненті» баяндамасында Абайды  ««оян» идеологиясының бастауында тұрған ойшыл» деп атап өтті. «Абайдың өмір сүрген кезеңі – отарлық жүйенің, патриархалдық құрылымның күйреуі, мұсылмандық дүниетаным мен еуропалық рационализмнің тоғысуы [2, 3]. Осы тарихи шындық Абай поэзиясында халыққа «оятушы» үндеуге айналды. Бұл жерде «оян» сөзі тек физикалық сергектікті ғана емес, ұлттық өзіндік сана, әлеуметтік әділет, рухани жауапкершілік ұғымдарын білдіреді. Абайдың «Сегіз аяқ», «Жігіттер, ойын арзан...» өлеңдерінде қоғамға тікелей үндеу жасалады. Бұл үндеулер – ұйқыдағы сананы түрту емес, ұлтты ояту мен ұлт ретінде қайта жаңғыруға үндейтін идеялық вектор»- дейді ол.

 

Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы  қазақ руханиятының, ұлттық болмыстың және әлемдік гуманизмнің өзегін айқындаған ауқымды әрі мазмұнды жиын болды.

Бұл ғылыми алаңда айтылған мазмұнды баяндамалар мен ойлы пікірлер, рухани сабақтастық пен ғылыми ізденістер – Абай мұрасын жаңа қырынан тануға, оның идеяларын заманауи ғылым мен ұлттық идеологияда тиімді қолдануға жол ашары сөзсіз.

Конференция аясында жарық көрген Абай шығармаларының үш томдық академиялық жинағы мен «Абай әлемі» топтамасы – ұлт мәдениеті мен әдебиетінің алтын қорына қосылған құнды мұра.

Ел мен елді, ғалым мен зиялыны, өткен мен бүгінді жалғаған бұл жиын – Абай ілімін ұлықтаудың ғана емес, оны ғылыми тұрғыда саралаудың, әлемдік деңгейге көтерудің жарқын үлгісі болды.