Бүгін Шәкәрім университеті Интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Алтайұлы Дулатбай және Цифрлық технологиялар және құрылыс жоғары мектебінің деканы Динара Ошанқызы Қожахметова Shakarim University мен Xi’an Jiaotong University (ҚХР) арасындағы жобаны жүзеге асыру шеңберінде Электрлік автоматика саласындағы халықаралық зертхананы құруға байланысты өңірдің негізгі энергетикалық нысандары — Семей қаласындағы «KEGOC» АҚ және «АЭС Шүльбі ГЭС» ЖШС-де іссапармен болып, негізгі мүдделі тараптармен (стейкхолдерлермен) кездесулер өткізді.
Кездесу барысында өңірлік энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған зертхананың рөлі, сондай-ақ, мамандар даярлау қажеттілігі туралы мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, энергетика саласындағы инженерлік кадрлардың тапшылығы, автоматтандырылған жүйелер мен құрылғыларды сырттан импорттау тәуелділігі және осы құрылғыларды өңірлік деңгейде өндіру қажеттілігі мәселелері көтерілді.
Тараптар бірлескен зертхана құру — ғылыми-техникалық әлеуетті біріктіріп, кадрлар даярлау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ Қазақстанның энергетика секторындағы технологиялық тәуелсіздік пен орнықты дамуға жол ашатынын атап өтті.



