2025 жылғы 20 маусымда Шәкәрім университетінде ф.-м. ғ. к., қауымдастырылған профессор Оралтай Мұратханұлы Жолымбаевтың 60 жылдық мерейтойына орай «Білім берудегі пәнаралық тәсіл: ғылымдар тоғысында пәнаралық оқыту мен жобалық әдістердің мүмкіндіктерін зерттеу» тақырыбындағы республикалық деңгейдегі әдістемелік семинар өтті.
Семинарға еліміздің жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары мен тәжірибелі педагогтері қатысты. Пленарлық және секциялық мәжілістер аясында білім берудің өзекті мәселелері – пәнаралық интеграция, STEM-тәсілі, жобалық оқыту, жасанды интеллектіні білім беруде қолдану, академиялық адалдық принциптері және заманауи білім беру технологиялары кеңінен талқыланды.
Семинарды ашқан Шәкәрім университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бейімбет Серікұлы Дарибаев ҚР Ғылым және жоғары білім министрі мен университет ректорының құттықтауын оқыды.
Семинарға Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, ф.-м. ғ. д., профессор, ҚР ҰҒА академигі, Ратбай Қағазұлы Мырзағұлов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ф.-м. ғ. д., профессор Балтабек Есматұлы Кангужин, «Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты» бас директоры, ф.-м. ғ. д., профессор Мақтағали Әбдімәжитұлы Бектемесов, Астана Халықаралық Университеті, ф.-м. ғ. к., қауымдастырылған профессор Альмир Асқарұлы Анияров, Томск мемлекеттік университетінің профессоры Михаил Александрович Червонный т.б. ғалымдар қатысып, өздерінің зерттеу жұмыстары бойынша баяндама жасады.
Семинар пәнаралық білім берудің теориялық және қолданбалы аспектілерін зерделеуге, сондай-ақ білім беру процесіне инновациялық әдістерді енгізудің жаңа бағыттарын анықтауға бағытталды.


