Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі09 мамыр 20259 мамыр

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ShakarimUniversity ректоры Думан Орынбековтің құттықтау сөзі

Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері, әріптестер, студенттер, жас ғалымдар!

 

Биыл еліміз ерекше күнді –  Жеңістің 80 жылдығын атап өтуде.

Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ халқы ерекше ерлігімен көзге түсті. Отандастарымыз қан майданда ерлік көрсетсе, елде қалған қарттар мен әйелдер, бала-шаға «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен тылда аянбай еңбек етті. Осылайша, адамзатқа қауіп төндірген соғыстың Жеңіспен аяқталуына өздерінің лайықты үлестерін қосты. 

 

Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Ерлігімен тарих парағында өшпес із қалдырған аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Біз бүгін Отанға деген адалдық пен  жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.

 

Біз бүгін сол адамдар сыйлаған бейбіт өмірде өмір сүріп жатырмыз:

Shakarim University қабырғасында оқимыз, зерттейміз, ізденеміз, шешім қабылдаймыз;

1934 жылы негізі қаланған біздің университеттің тарихы Ұлы Отан соғысының шежіресіне мәңгілікке жазылды.

Бұл оқу ордасынан 120-дан астам оқытушы мен қызметкер майданға аттанды. Олар елдің, болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін қолына қару алды.

 

Жеңіс үшін күрескендер мен еңбек еткендердің қатарында ғалымдар, профессорлар, енді ғана жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істеу үшін келген жас мамандар да болды. Болашаққа деген үлкен үміт, зор сеніммен келген олардың армандары асқақ еді. Соғыс барлық жоспарларды бұзды. Бірақ үміт пен армандарға тосқауыл бола алмады.

Ең қиын сәттердің өзінде олар Жеңіске, адамзатқа, ғылымға деген сенімдерін сақтап қалды.

 

Соғыстың от-жалынынан аман оралғандар қайтадан кафедраларға келіп, оқу орнының тынысын кеңейтті. Олар білім берді, жаңа ұрпақты ерлікке, адам деген атқа лайық болуға тәрбиеледі. Дәл осы адамдар университеттік мектептің іргетасын қалап, ар-намыс пен рух эстафетасын бізге табыстады. Олар майдан шебінде шайқасты, тылда еңбек етті, соғыстан кейінгі елді қайта құру үшін білім мен ғылым арқылы жаңа буынды тәрбиеледі. Біз бүгін аудиторияларда, зертханаларда, ғылыми орталықтарда.олардың ісін жалғастырып келеміз.

 

Әлемде бұл ұлы оқиғаның мәнін өшіре алатын күш жоқ.

Жеңіс — елге мұра, ұрпаққа ұран.

Жеңіс — бүгінгі күннің іргетасы, болашақтың бағыт-бағдары.

 

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында университет тарихи жауапкершілікті сезініп, Отан үшін отқа түскен оқытушылардың, түлектердің, ғалымдар мен тыл еңбеккерлерінің Жеңіске және елді қалпына келтіруге қосқан үлесі жайлы баян етпек. Бұл – жай ғана естелік емес. Бұл — біздің академиялық, азаматтық парызымыз.

 

 Shakarim University — аталар дәстүрінің мұрагері, ұлттың жады. Бұл жерде тек ғылыми еңбектер ғана емес, ұлы дәуірдің үні, ұлы тұлғалардың өмірбаяндарына жазылған ақиқат сақталған.

Біз, ShakarimUniversity, батырларымызды есте сақтаймыз, мақтан тұтамыз және олардың жолын жалғаймыз.

 

Осы ұлы мерекеде,  Сіздерге, құрметті Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері, өлмес ерлік пен батырлықтарыңыз үшін;

Сіздерге, тыл еңбеккерлері, жанқияр еңбектеріңіз бен берік рухтарыңыз үшін;

Сіздерге, ғалымдар мен ұстаздар,  білім мен дәстүрді сақтап қалғандарыңыз үшін;

Сіздерге, жас ғалымдар мен студенттер,  Жеңіс үшін жанқиярлықпен күрескен  аталардың  ұрпағы деген атқа лайық болуға талпыныстарыңыз үшін басымды иіп, мың да бір алғыс айтамын! 

Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

 

Құрметпен, Думан Орынбеков