Көк елес көлбеді,
Мен тұрмын жағада жабырқау.
Ай нұры арайлы
Айдынға тарайды,
Сүйіктім келер ме, япырмау?» деп тыңдаушының жүрегінен орын алған «Келші,Айым» әні тұңғыш рет Shakarim University сахнасында шырқалды. «Қаракөз» студенттік-жастар театры 27 наурыз - Халықаралық театр күніне орай «Мұңлы муза» мелодрамасының премьерасын қойды. «Мұңлы муза» - «Келші, Айым» әнінің желісімен жазылған алғашқы қойылым. Авторы – Екі шет тілдері білім беру бағдарламасының бірінші курс студенті Мырзаканова Дана, қоюшы режиссер – студенттік театрдың көркемдік жетекшісі Ерғали Бектен.
Қойылым авторларының басты мақсаты – қазақ руханиятын жаңаша насихаттау, тарихи әннің тағылымын жаңғырту, театр өнеріне деген сүйіспеншілікті арттыру. Премьераға өнерге құштар зиялы қауым өкілдері, университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер, түлектер, білім алушылар қатысты.
«Мұңлы муза» - адам жүрегіндегі қайғы мен қасіретті, қуаныш пен шаттықты, мөлдір махаббат пен сағыныш сазын театр сахнасындағы реалистік сюжеттер арқылы бейнелейді. Қоғамның тәнінен адамның жанын іздеген қойылым көзі қарақты көрерменнің ыстық ықыласына, аяулы алақанындағы қошеметіне ұласты.
Халықтың жүрегін тербеген ән көпшілікке Дулат Исабековтің шығармасы желісінде түсірілген «Гауһартас» фильмі арқылы танымал болған. «Келші, Айым» әні – ауыр мұң, айықпас дерт, жүрекке шемен боп батқан қайғы-шер. Осы әндегі қайғылы тағдырдың сарыла күткен сағынышын «Мұңлы муза» мелодрамасының өн-бойынан табуға болады.
Айта кетейік, туынды алғаш рет Shakarim University сахнасында көрермен қауымға жол тартты. Мелодрамадағы өлең жолдарының авторлары да – қарагөздік жастар. Қойылым талғампаз көрерменнің көңілінен шыққаны анық. Тың бағыт, жаңа жанрдағы көркем шығарма театр арқылы қалың жұртшылыққа жол тартты. Шәкәрімдік жас өнерпаздарға алдағы республикалық фестивальде сәттілік тілейміз!