Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру бағытын одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысы бірқатар бастамаларды қабылдады.
Бұл бастамалар өңірдің дамуында елеулі рөл атқаруда. Әсіресе жаңадан құрылған Абай облысында мемлекеттік қызметте жастар легінің ағылуы байқалуда. Осы ретте, Shakarim University мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Рәсімге университет басшылығы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалы мен қызметкерлері қатысты. Алғы сөз сөйлеген Shakarim University ректоры Думан Орынбеков шараның маңыздылығын айтып, ЖОО-ның бірқатар жетістіктеріне тоқталды.
«2024 жыл – университет үшін мерейлі жылдардың бірі. Бүгінгі ынтымақтастықтың символдық маңызы зор деп білемін. Биыл білім ордасы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. ЖОО мемлекетке бәсекеге қабілетті жастарды дайындау барысында алтын көпір болмақ. Себебі, біздің басты миссиямыз «Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман, Абай аңсаған кемел тұлғаны қалыптастыру», - деді университет басшысы Думан Рымғалиұлы.
Тараптар меморандум аясында бірлескен қосымша білім беру бағдарламаларды, ғылыми-әдістемелік зерттеулерді, инновациялық жобалар мен мамандарды әзірлейтін болады. Бұл келісім өңірдің дамуына, елге қажетті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда септігін тигізері анық.
Айта кетерлігі, Shakarim University Абай облысында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасын жемісті іске асыруда. Жоба шеңберінде ЖОО-ның 15 студенті білімдерін шыңдап, өңірге қызмет етуге сақадай сай.