Шәкәрім университетінің Н.Б. Бурамбаева, К.Х. Нұржанова, К.Р. Сатиева, А.М. Нүсүпов және Т.Қ. Қажыбекова сынды ғалымдары 2 – 13 мамыр аралығында Қытай Халық Республикасы, Сиань қаласының Янлин ауданында орналасқан Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама қой шаруашылығындағы биоинформатика, гендік инженерия және геномдық секвенирлеу бағыттарына арналды. Бұл сапар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті BR24992940 «Селекцияның тиімді әдістерін әзірлеу мен ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу негізінде Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтарында өнімділігі жоғары қой популяцияларын құру» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында жүзеге асты.
Жануарлар туралы ғылым колледжінің деканы Jiang Yu және қауымдастырылған профессоры ZhongLiang Jiang ғалымдарымызды жылы қарсы алып, теориялық біліммен тоғысқан практикалық ғылым түрінде тағылымдама бағдарламасын құрастырды. Ғалымдар тәжірибе алмасып қана қоймай, заманауи әдістерді меңгеріп, ғылым мен білімнің жаңа бағыттарымен танысты.
Аталған тағылымдама – отандық ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына жасалған маңызды қадам. Бұл сапар Шәкәрім университеті мен Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті арасындағы әріптестік байланысты одан әрі нығайтып, болашақтағы ғылыми-инновациялық жобаларға кең жол ашатыны сөзсіз.


