Шәкәрім университетіне Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Бас консулы Цзян Вей (Jiang Wei) және консулдық атташесі Ван Шуцзе (Wang Shuje) ресми сапармен келді.
Shakarim University Халықаралық ынтымақтастық орталығының мұрындық болуымен өткен кездесуде университеттің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов мәртебелі меймандарды оқу ордасының тарихымен, жетістіктерімен және халықаралық серіктестіктерімен таныстырды.
Проректор өз сөзінде Қытайдың Солтүстік-Батыс орман және ауыл шаруашылығы университетімен әріптестік аясында жүргізіліп жатқан агробиологиялық зерттеулерге тоқталды. Нақтырақ айтқанда, университеттің эксперименттік алаңында шетелдік заманауи технологияға негізделген картоп сұрыптарын егу бастамасы қолға алынған болатын. Сонымен қатар, Астанада өткен «Орталық – Азия Қытай» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында Сиянь Цзяотун университетімен бірлескен электрлік автоматтандыру зертханасын құру бойынша 5,3 миллиард теңге көлеміндегі инвестициялық келісімге қол қойылғаны Shakarim University қол жеткізген ауқымды, ұзақмерзімді жоба екені атап өтілді.
Сондай-ақ, Асқар Қасымов «Университеттің биыл алғаш рет әлемдегі ең беделді QS World University Rankings 2026 және THE Impact Rankings рейтингтеріне енуі – білім сапасының жылдан-жылға артып келе жатқанының айқын көрсеткіші. Шәкәрім университетінің басты ұстанымы – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу»- деді өз сөзінде.
Кездесу барысында тараптар студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламаларын дамыту, ағылшын және қытай тілдерін оқыту курстарын ұйымдастыру, бірлескен ғылыми жобалар мен академиялық бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Цзян Вей Шәкәрім университетіне алғаш рет келіп отырғанымен, университеттің тыныс-тіршілігінен хабардар екенін жеткізіп, оқу орнының қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Ол жүзеге асып жатқан жобаларға жоғары баға беріп, әсіресе Сиянь Цзяотун университетімен арадағы ынтымақтастықты кеңейтудің тиімді екенін білдірді. Ол екі ел арасындағы географиялық жақындық ғылым мен білім салаларындағы әріптестікті тереңдету үшін ерекше мүмкіндік беретінін айтып, болашақта бұл бағыттағы байланыстарды одан әрі нығайтудың екі жаққа да тиімді тұстарына тоқталды.
Shakarim University-де қытай тілінен сабақ беретін оқытушы Пу Лиджуан ҚХР-дің Қазақстандағы Бас консулына мұндағы студенттерге қытай тілін үйрету мәселелері жайлы айтып, Шәкәрім университетінде білім алып жатқан студенттердің ынтасы мен белсенділігіне оң баға берді және екі ел арасындағы студенттер алмасу мәселелерін кеңейту қажеттігіне назар аударды.
Кездесу барысында тараптар екіжақты серіктестікті одан әрі дамытуға сенім білдіріп, білім мен ғылым саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

